...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Медеу – Түйік-Су жолындағы қозғалыс күз соңына дейін шектеледі

Алматы әкімдігі Медеу – Түйік-Су автомобиль жолында 24 шілдеден 30 қарашаға дейін инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізілетінін хабарлады. Осыған байланысты көлік қозғалысы уақытша шектеледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Әкімдіктің мәліметінше, жұмыстар Шымбұлақ шатқалындағы объектілердің сенімділігі мен үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қажет. Жол жүру тек жедел және авариялық қызметтердің, шатқал тұрғындарының және арнайы техниканың көліктері үшін сақталады.

Туристік нысандар ашық болады, жаяу жүргіншілер үшін қолжетімділік сақталады. Баламалы маршрут ретінде туристерге Студенттік соқпақты пайдалану ұсынылады. Бұл маршрут №12 және 21 автобустардың соңғы аялдамасынан «Медеу» бөгетінің жанынан басталып, бөгеттің астымен өтіп, «Горельник» визит-орталығына шығады. Соқпақ топырақты және көтерілу учаскелерін қамтиды, сондықтан ыңғайлы спорттық немесе треккинг аяқ киімін кию ұсынылады, — делінген әкімдік хабарламасында.

Қала тұрғындары мен қонақтары сапарларын алдын ала жоспарлап, уақытша шектеулерді ескеріп, жол белгілерінің талаптарын сақтауға және реттеуші қызметкерлердің нұсқауларын орындауға шақырылады. Әкімдік түсіністік танытқандары үшін алғыс білдіріп, уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды.

Дереккөз: Nur.kz