...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Қырғызстанның экс-премьерінің ұлы Алматыдағы тергеу изоляторына қамалды

Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Данияр Үсеновтің ұлы Алматыдағы тергеу изоляторына қамалды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Kaktus.media басылымының мәліметінше, оған Қазақстан Қылмыстық кодексінің 28-бабы 3-бөлігі және 214-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы «Қылмыстық топ жасаған заңсыз кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру», сондай-ақ 264-бабы 1-бөлігі «Трансұлттық ұйымдасқан топ немесе трансұлттық қылмыстық ұйым құру, не оған немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету» баптары бойынша айып тағылуда.

Тергеу деректері бойынша, келтірілген залал 26 млн теңгені құрайды.

«Алынған кальян темекісінің құны 46 млн теңгеден асады. Тергеу мәліметтері бойынша, алынған жалпы көлем 1,6 тоннадан асады. 10 наурызда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдіктілерді екі ай мерзімге қамауда ұстауға санкция берді», – делінген басылым жарияланымында.

Данияр Үсенов – 2009 жылғы 21 қазаннан 2010 жылғы 7 сәуірге дейін Қырғызстанның 14-ші премьер-министрі болған. 2010 жылғы 7 сәуірде бұқаралық наразылық акцияларына байланысты отставкаға кеткен, кейін баспасөз хабарламалары бойынша Ұлыбританияға қашқан. 2017 жылдан бастап Беларусьте Даниил Урицкий есімімен тұрады. «Белорусская национальная биотехнологическая корпорация» ЖАҚ-ын басқарады. Үсеновке қатысты Қырғызстан Бас прокуратурасы қылмыстық іс қозғаған. Оған бейбіт тұрғындарды жаппай атуды ұйымдастыру айыбы тағылып, Қырғызстан соты оны сырттай 15 жылға бас бостандығынан айыруға соттаған.

2026 жылғы 3 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев президент Садыр Жапаровты және бауырлас Қырғызстан халқын елдің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2027-2028 жылдарға тұрақты емес мүше болып сайлануымен құттықтаған болатын.

Дереккөз: Zakon.kz