Алматының Әуезов ауданында полицейлер есірткі таратуға күдікті 23 жастағы Тәжікстан азаматын ұстады, оның үстінен тінту кезінде есірткі заты бар 107 сверток табылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, ер адамның жеке тінтуі кезінде 107 сверток анықталды. Алдын ала деректер бойынша, ол тыйым салынған заттарды тайник арқылы таратумен айналысқан болуы мүмкін.
Оқиға орнына тергеу-жедел тобы келіп, табылған свертоктардың барлығы тәркіленіп, сараптамаға жіберілді. Сонымен қатар ер адамның Қазақстан аумағында заңсыз жүргені, яғни көші-қон заңнамасын бұзғаны анықталды.
«Жеке тінту кезінде одан 107 сверток табылды. Алдын ала деректер бойынша, ер адам тыйым салынған заттарды тайник арқылы таратумен айналысқан болуы мүмкін. Оның үстіне ол ұсталғанға дейін тағы үш тайник жасап үлгергенін мойындады», — деп хабарлады департаментте.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
