Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассомен кездесу өткізді. Тараптар бірлескен жобаларды іске асыру және қалалық инфрақұрылым, көлік, энергетика және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
ЕҚДБ басшысының Қазақстанға сапары Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысына қатысу аясында өтуде.
Дархан Сатыбалды ынтымақтастық басталғаннан бері ЕҚДБ-ның Қазақстанның дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтті.
«Алматы елдің ірі экономикалық орталығы және Қазақстан дамуының басты драйверлерінің бірі болып табылады. Бүгінде қала республика экономикасының төрттен бір бөлігін қалыптастырады, жетекші бизнес және инвестициялық орталық болып қала береді. Біз үшін халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты тек қаржыландыру тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар заманауи қалалық шешімдерді іске асырудағы олардың сараптамасын ескере отырып дамыту маңызды», — деп атап өтті Алматы әкімі.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі ЕҚДБ, Қазақстан Даму банкі және Азия даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан Алматы ЖЭО-2-ні жаңғырту болды.
Сондай-ақ тараптар Халықаралық Алматы әуежайын дамыту, оның ішінде жаңа жолаушылар терминалының құрылысы және Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (БАКАД) бойынша бірлескен жобаларды талқылады.
Тұрақты даму мәселелеріне ерекше назар аударылды. Алматы ЕҚДБ-ның Green Cities бастамасына қосылған Орталық Азиядағы алғашқы қала болды. Тараптар қалалық инфрақұрылымды жаңғырту, рельстік көлікті дамыту және жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін «жасыл» қаржыландыру құралдарын қолдану саласындағы одан әрі ынтымақтастықты қарастырды.
Дереккөз: Almaty.tv