Алматыда 2-ші Гончарная көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысы уақытша шектеліп, Жандосов көшесінің бір бөлігінде реверсивті қозғалыс енгізіледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Алматы жылу желілері» ЖШС мәліметінше, алдағы жылыту маусымына дайындық аясында Жетісу ауданында 1996 жылы пайдалануға берілген шамамен 340 метр жылу магистралы ауыстырылады. Осыған байланысты 23 шілдеден бастап 2-ші Гончарная көшесінде фтизиопульмонология орталығынан Райымбек даңғылындағы №223е/4 үйге дейінгі аралықта көлік қозғалысы шектеледі.
Шектеу жолдың астынан өтетін құбыр учаскесін жоспарлы қайта құру жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін енгізіледі. Жұмыс кезеңінде тұтынушыларға ыстық су беру сақталады.
Сонымен қатар, Алматы әкімдігінің дерегінше, жол жабынын жөндеуге байланысты Жандосов көшесінде қозғалыс схемасы уақытша өзгереді. Атап айтқанда, 21 шілде сағат 20:00-ден 1 тамыз сағат 06:00-ге дейін Дәулеткерей көшесінен қала шекарасына дейінгі аралықта реверсивті қозғалыс ұйымдастырылады.
Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден уақытша қолайсыздықтарды түсіністікпен қабылдап, уақытша жол белгілері мен жылдамдық режимінің талаптарын сақтау сұралады. Әкімдікте жөндеу жұмыстарының мерзімі ауа райы жағдайына байланысты түзетілуі мүмкін екенін атап өтті.
Дереккөз: Inform.kz