Алматыда жоғалтқан затын іздеп жүрген жігітті есірткі тайнигін іздеп жүр деп ойлаған ер адам қателесіп ұрып-соққан, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Алматыдағы №6 шағын ауданда болған. Жәбірленуші жоғалтқан затын іздеп жүргенін айтқан, алайда күдікті оны есірткі тайнигін іздеп жүр деп ойлап, ұрып-соққан.
«Жас жігіттің ұрып-соғылғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына Әуезов ауданының жақын маңдағы патрульдік экипаждары дереу бағытталды. Күдікті жедел ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, ұсталған адам өтіп бара жатқан адамды есірткі тайнигін іздеп жүрген адам деп қателескенін айтқан. Алайда жәбірленуші өзінің жоғалтқан затын іздеп жүргенін айтады», — делінген хабарламада.
Полиция департаментінің мәліметінше, жігіт дене жарақатын алған. Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы шақырылып, зардап шеккен адам медициналық мекемеге тексерілуге жеткізілген.
«Оқиғаның нақты себептері мен жанжалдың барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады», — деп қосты ПД.
Дереккөз: Nur.kz