Алматының Медеу ауданында Жамбыл көшесі (Достық даңғылынан Назарбаев даңғылына дейін) мен Төлебаев көшесінде көгалдандыру және заманауи автоматты суару жүйесін орнату жұмыстары аяқталды. Жобалардың іске асуы туралы аудан әкімдігінің өкілдері Өңірлік коммуникациялар қызметінің пресс-туры барысында журналистерге баяндады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Учаскелерде сорғы станциялары орнатылып, 14 км-ден астам автоматты суару желілері төселді. Жаңа жүйе көк желектерді уақтылы және біркелкі суаруды қамтамасыз етіп, оларды күтіп-ұстау тиімділігін арттырып, су ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында автоматты суару жүйелерін орнату және көгалдандыру жобалары аяқталды. Жаңа желілердің жалпы ұзындығы 14 шақырымнан асты. Биыл бағдарлама бойынша іске асырылып жатқан 30 жобаның оны көгалдандыру мен автополив құрылғысына бағытталған. Олардың барлығы тұрғындардың бастамасымен жасалды, олар нысандарды таңдауға және жобалық ұсыныстарды дайындауға қатысты», — деп атап өтті Медеу ауданы әкімінің орынбасары Азат Какетаев.
Оның айтуынша, автоматты суаруды енгізу ағаштардың, бұталардың және көгалдардың жағдайын жақсартуға, сондай-ақ қоғамдық кеңістіктерді күтіп-ұстау сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Дереккөз: Almaty.tv