Алматыда арнайы жедел әрекет ету отрядының (СОБР) қызметкерлері өртеніп жатқан көлікті сөндірді. Өртті жою үшін полицейлер жанынан өтіп бара жатқан су шашатын машинаны тоқтатуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Полиция мәліметінше, арнайы бөлімше қызметкерлері қызмет орнына бара жатқанда жалын шарпыған көлікті байқаған. Полицейлер дереу тоқтап, қауіпті учаскеде қозғалысты жауып, айналадағылардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткен соң, өртті сөндіруге кіріскен.
Алайда штаттық өрт сөндіргіш жеткіліксіз болып, жалын тез тарай бастаған. Сонда СОБР қызметкерлері жанынан өтіп бара жатқан су шашатын машинаны тоқтатып, өртті сөндіру үшін су қорын пайдаланған.
Полицейлердің жедел және үйлесімді әрекеттерінің арқасында өртті қысқа мерзімде сөндіруге қол жеткізілді. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, жалынның таралуы мен одан да ауыр зардаптардың алды алынды, — делінген хабарламада.
Дереккөз: Inalmaty.kz