Алматыдағы аптап ыстық температура рекордтарын жаңартты. Жаңа максимумдар үш күн қатарынан тіркелді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
16 шілдеде қалада ауа температурасы 38 градусқа дейін көтеріліп, 1976 жылғы рекордтан екі градусқа жоғары болды. Келесі күні термометр бағандары 39 градустан асып, 1945 жылғы 37,4 градус рекорд жаңартылды. Ең ыстық күн 18 шілде болды. Өткен сенбіде ауа температурасы 40 градусқа жетіп, 1997 жылғы 39,7 градус рекордтан асып түсті. Алайда абсолютті шілделік максимум әлі жаңартылған жоқ.
«Қазгидромет» РМК бақылау желісінің мәліметі бойынша, 2026 жылғы 16, 17, 18 шілдеде Алматы қаласында осы күндер үшін жаңа температура рекорды орнатылды. Ауаның максималды температурасы 38-ден 40 градусқа дейін жетті. Мұндай жоғары температуралық фон Орта Азия аудандарынан ыстық ауа массаларының келуіне байланысты болды», — деді «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі Ақнұр Айтбаева.
Дереккөз: Almaty.tv