Алматыда демалыс күнгі жәрмеңкелер рекордтық танымалдылыққа ие болып отыр. Тек биылғы жылдың алты айында қалада 274 жәрмеңке өткізіліп, келушілер саны 500 мың адамнан асты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
500 мың келуші, 13 мың тоннаға жуық өнім сатылып, 1 мыңнан астам тауар түрі ұсынылды – бұл Алматыдағы демалыс күнгі жәрмеңкелердің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қорытындысы. Көкөніс, жеміс-жидек, ет, сүт өнімдері, жұмыртқа, бал, нан және кондитерлік бұйымдар – сауда алаңдарында Алматы, Алматы облысы және еліміздің басқа өңірлерінен келген фермерлердің өнімдерін табуға болады. Жәрмеңкелерге 300-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кәсіпкерлер тұрақты қатысады.
«Біз жәрмеңкеде көкөніс сатып жүргенімізге 20 жылдай болды. Бұған дейін ата-анам ауыл шаруашылығымен айналысты, бізде 4 гектар жер бар, қарбыз, көкөніс, жеміс-жидек, жидектер – бәрі өзіміздікі. Таңғы 7-ден бастап адамдар келіп, сатып алады. Екі күнде бәрін сатып бітіреміз де кетеміз», – деді ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші Фарида Мұғдатова.
Сатып алушылар үшін басты артықшылық – өндірушілермен тікелей сөйлесу және делдалдар тізбегінсіз дүкен сөресіне түсетін өнімдерді таңдау мүмкіндігі.
«Мен 10 жылдан бері тек жәрмеңкеден азық-түлік сатып аламын. Сүт өнімдерін, ет пен көкөністі тек осы жерден аламыз. Отбасымның табиғи және жаңа өнімдермен тамақтанғанын қалаймын, сондықтан демалыс күндері бір аптаға жететіндей сатып аламын», – деді алматылық Бауыржан Оспанов.
Қазір жәрмеңкелер Әуезов, Алмалы, Медеу, Бостандық және Жетісу аудандарында жұмыс істейді. Сауда алаңдары әр сенбі және жексенбі күндері таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін ашық. Сонымен қатар, қала олардың инфрақұрылымын жаңартуды жалғастыруда. Қазір Бостандық ауданындағы Қазақфильм шағын ауданында және Әуезов ауданында жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Қайта құрудан кейін бұл орындар сатып алушылар мен сатушылар үшін ыңғайлы болады: жаңартылған павильондар, абаттандырылған аумақ және жақсартылған санитарлық инфрақұрылым пайда болады.
Дереккөз: Almaty.tv