Әкім Дархан Сатыбалдының төрағалығымен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Қатысушылар қоғамдық қауіпсіздік жағдайын, құқық қорғау органдары жұмысындағы проблемалық мәселелерді және қала тұрғындарының қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған шараларды қарастырды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ағымдағы жылдың бес айының қорытындысы бойынша тіркелген құқық бұзушылықтар саны 10,5%-ға төмендегеніне қарамастан, жекелеген бағыттар әлі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Олардың қатарында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, интернет-алаяқтыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, сондай-ақ учаскелік инспекторлар жұмысының тиімділігін арттыру бар.
Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізуге ерекше назар аударылды. Қазіргі заманғы бейнеаналитика, интеллектуалды мониторинг және деректерді өңдеу жүйелері құқық бұзушылықтардың алдын алудың, жолдардағы қауіпсіздікті арттырудың және оқиғаларға жедел ден қоюдың негізгі құралдарының біріне айналуы тиіс екендігі атап өтілді.
Қала әкімі жұмыстың басты көрсеткіші тұрғындардың қауіпсіздік деңгейі мен сенімінің нақты артуы болуы керектігін атап өтті. Осыған байланысты профилактикалық жұмысты күшейту, полицияның аумақтық бөлімшелерінің жауапкершілігін арттыру, цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді пайдалану, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту және азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюды қамтамасыз ету тапсырылды.
Отырыс қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейту, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу және Алматыда құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған қосымша шараларды іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Дереккөз: Almaty.tv