Сот шешімімен Алматының Медеу ауданындағы Бекенбай өзенінің (Мұзтау шағын ауданы, бұрынғы Бутаковка) су қорғау аймағында орналасқан жалпы ауданы 7,7 гектардан асатын 17 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жер телімдерінің қайтарылуы Алматы қаласы әкімдігінің жер пайдалану мониторингі бойынша жүйелі жұмысының нәтижесі болды. Жүргізілген тексеру барысында аталған жер телімдеріндегі жылжымайтын мүлік объектілерінің кадастрлық паспорттарын ресімдеу кезінде заңбұзушылықтар анықталды.
Тексеру қорытындысы бойынша Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті 17 жер теліміне сәйкестендіру құжаттарын жою туралы нұсқама берді. Нұсқама талаптарының орындалмауына байланысты департамент Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арызбен жүгінді.
Сот шешімімен талап-арыз толық көлемде қанағаттандырылды. Сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Алматы қаласының әкімдігі жер телімдерін заңсыз ресімдеу фактілерін анықтау және оларды қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес мемлекет меншігіне қайтару жұмысын жалғастыруда.
Дереккөз: Almaty.tv