Алматыда қаланы дамытудың жаңа Бас жоспарының стратегиялық экологиялық бағасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Тыңдаулар барысында қатысушылар мегаполистің экологиялық бағдарланған даму сценарийін, тау бөктеріндегі аймақта құрылысты шектеу мәселелерін, табиғи аумақтарды сақтауды, сондай-ақ қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту шараларын талқылайды.
Атап айтқанда, жобада Әл-Фараби даңғылынан оңтүстікке қарай тау бөктерінде күрделі құрылысқа толық тыйым салу, Іле-Алатау ұлттық паркі аумағын қорғау режимін сақтау және қалалық ауа сапасын бақылау желісін 50-ден астам стационарлық бекетке дейін кеңейту қарастырылған.
Қоғамдық тыңдаулар барысында тұрғындар қаланы көгалдандыру, жасыл аймақтардың қысқаруы, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ жаңа тұрғын үй кешендерінің белсенді құрылысының экологиялық салдары мәселелеріне алаңдаушылық білдірді. Қала тұрғындарының сұрақтарына әкімдік, салалық басқармалар өкілдері, мамандар мен сарапшылар, сондай-ақ «Алматыгенплан» ҒЗИ өкілдері жауап береді.
Тыңдаулар барысында тұрғындардың бірі құжат әзірлеушілерден қаланы көгалдандыру жұмыстарын талдаудың нақты нәтижелерін ұсынуды сұрап, тұрғындарды Алматының жасыл қорының жай-күйі мен оның ауа сапасына әсерін объективті бағалау қызықтыратынын атап өтті.
Сұраққа сарапшы, PhD докторы, белгілі қазақстандық ғалым-биотехнолог Гүлнұр Жүнісова жауап берді. Оның айтуынша, ағымдағы жағдайды талдау жүргізілген. Бүгінде Алматының көгалдандырумен қамтамасыз етілуі нормативтік мәндерден төмен болып, бір тұрғынға шамамен бес шаршы метрді құрайды, ал мақсатты көрсеткіш – бір адамға 16 шаршы метр.
Сарапшы жекелеген табиғи аумақтар нормативтерді есептеу кезінде қалалық көгалдандыру жүйесіне кірмейтінін, сондықтан жалпы статистикада ескерілмейтінін түсіндірді. — Белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу үшін Бас жоспар жасыл желектер алаңын ауқымды ұлғайтуды көздейді. Жыл сайын 10 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарлануда, бұл ретте интродуцентті емес, жергілікті өсімдік түрлеріне басымдық беріледі, — деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, өзендердің жағалау аймақтарын көгалдандыру және жасыл желектер алаңын ұлғайту есебінен қаланың жасыл қаңқасын дамыту жоспарлануда. Шаралар қатарында Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің айналасында қорғау аймағын белгілеу, ең көп баратын шатқалдарға рекреациялық жүктемені реттеу, сондай-ақ сирек кездесетін жануарлар түрлерін бақылау бағдарламаларын кеңейту қарастырылған. Экологиялық тәуекелдерді азайту үшін Бас жоспарда әртүрлі табиғи аумақтар арасында жануарлардың көші-қонын қамтамасыз ететін экологиялық дәліздер жүйесін құру көзделген.
Стратегиялық экологиялық бағалау Алматының жаңа Бас жоспарын әзірлеу кезеңдерінің бірі екенін атап өткен жөн.
Еске салайық, 2025 жылғы желтоқсанда Алматыда қаланың 2040 жылға дейінгі дамуын айқындайтын құжат – Бас жоспарды түзету жобасы бойынша қоғамдық талқылаулар өткен болатын.
Кейінірек «Алматыгенпланда» қаланың бас жоспарын түзету бойынша қоғамдық талқылаулардың қалай өткенін айтты. Кездесулер қорытындысы бойынша 60-тан астам бірегей ұсыныс пен ескерту тіркелді, олар қазіргі уақытта он тақырыптық блок бойынша жүйеленді.
Дереккөз: Inform.kz