Алматыда коммуналдық тұрғын үй қорынан жалға алынған баспананың мақсатты пайдаланылуын тексеру жалғасып жатыр. Жыл басынан бері қалалық коммуналдық инфрақұрылым басқармасы мен тұрғын үй инспекциясының қызметкерлері 3 125 пәтерді тексеріп шықты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Тексерулер Наурызбай, Алатау, Медеу және Түрксіб аудандарында өткізілді.
Мониторинг қорытындысы бойынша үшінші тұлғаларға баспананы заңсыз берудің 172 фактісі анықталды. Оның 114-інде пәтерлер босатылып қойған, қалған 58 факті бойынша сотқа талап-арыз жолданды.
Тексеру барысында пәтерлерді қосалқы жалға беру, жалдау шартында көрсетілмеген адамдардың тұруы, сондай-ақ жалдау төлемін төлеу міндеттемелерінің бұзылуы сияқты жағдайлар анықталып отыр.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 24-бабының 3-тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы орган берген тұрғын үйді жалдаушылар қосалқы жалдаушылар мен уақытша тұрғындарды қоныстандыруға құқылы емес. Жалға алынған баспананы қосалқы жалға немесе үшінші тұлғаларға беру жалдау шартын бұзуға негіз болады.
Босатылған пәтерлерде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Олар аяқталған соң баспана жалдау тұрғын үйіне мұқтаждар ретінде есепте тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға беріледі.
Коммуналдық жалдау тұрғын үйінің мақсатты пайдаланылуын мониторингілеу жалғасады.
