Алматы полициясы электросамокаттарды жалға берумен айналысатын шеринг компанияларына тексеру жүргізді. Негізгі назар жеке ұтқырлық құралдарына қатысты күшіне енген заңнама талаптарының сақталуына аударылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Тексеру барысында шеринг сервистерінің бағдарламалық жасақтамасы велосипед жолдары мен тротуарларда электросамокаттардың жылдамдығын автоматты түрде шектейтіні анықталды.
Сонымен қатар бірқатар ескертулер анықталып, операторларға бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар енгізіледі. Белгіленген мерзімде талаптар орындалмаса, компанияларға заңнамаға сәйкес шаралар қолданылады.
Біз шеринг компанияларының жаңа талаптарды қалай орындайтынын тексердік. Жылдамдық шектеулері шынымен жұмыс істейтініне көз жеткіздік: веложолдарда самокат автоматты түрде жылдамдықты азайтады. Сонымен қатар жойылуы тиіс жекелеген кемшіліктер анықталды. Бұл талаптардың сақталуын бақылау жалғасады, — деді Алматы қалалық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.
Сондай-ақ полицейлер электросамокат пайдаланушыларымен профилактикалық әңгімелер жүргізіп, оларды пайдалану және тұраққа қою ережелерін, сондай-ақ абаттандыру талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікті түсіндірді.
Рейд кезінде мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз пайдаланылған электросамокаттар анықталды. Олар арнайы тұраққа эвакуацияланды.
Полиция қызметкерлері шеринг сервистерінің пайдаланушыларын тіркеу механизмін де тексерді. Электросамокаттарды жалға алуға рұқсат электрондық үкімет порталы арқылы міндетті жеке басты сәйкестендіруден кейін ғана беріледі, бұл құқық бұзушылық жасалған жағдайда пайдаланушыны анықтауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін полиция департаменті электросамокат пайдаланушыларының ережелерді сақтауын бақылау күшейтілгенін хабарлаған. Ерекше назар Шевченко, Қонаев және Абай көшелеріне аударылады, онда жеке ұтқырлық құралдарын пайдаланушылардың негізгі бағыттары өтеді және арнайы жолақтар жабдықталған. Сонымен қатар жаңа оқу жылының басталуына дейін полиция мектептер мен жоғары оқу орындарының жанында самокат патрульдерінің санын көбейтеді, ал учаскелік инспекторлар жаяу патрульдік қызмет атқарады.
Еске салайық, 1 шілдеден бастап жалға алынатын электросамокаттарды пайдалану кезінде қауіпсіздікті арттыруға бағытталған жаңа талаптар күшіне енді.
Дереккөз: Inform.kz