...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыда 80 жылдық рекорд жаңарды: 41,2 градусқа дейін көтерілді

Алматыда бірнеше күн қатарынан аномальды жоғары температура тіркелді. 16-18 шілде аралығында қалада ондаған жылдар бойы сақталған температура рекордтары жаңартылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Алматы және Алматы облысы бойынша метеорологиялық болжамдар бөлімінің бастығы Дәулет Кисебаевтың мәліметінше, 16 шілдеде мегаполистегі ауа температурасы 38,0 градусқа жетті. Бұл күннің алдыңғы рекорды 1976 жылы тіркелген 36,1 градус болатын.

Келесі күні, 17 шілдеде, ауа 39,2 градусқа дейін қызды, бұл 1945 жылы тіркелген 37,4 градустық бұрынғы максимумнан асып түсті. Осылайша, жаңа рекорд алдыңғысынан 1,8 градусқа жоғары болды.

18 шілдеде термометрлер 40,0 градусқа көтерілді. Бұл да осы күн үшін жаңа температура рекорды болды. Алдыңғы максимум — 39,7 градус — 1997 жылы 18 шілдеде тіркелген еді.

19 шілдеде ауа температурасы 41,2 градусқа жетті. Алайда бұл күннің рекорды сақталды: 1997 жылы 19 шілдеде Алматыда 41,7 градус тіркелген болатын.

Дәулет Кисебаевтың айтуынша, Алматыдағы шілде айының абсолютті температуралық максимумы 1983 жылы тіркелген, сонда ауа 43,4 градусқа дейін қызған.

Еске салайық, 14 шілдеде Астанада жаңа температура рекорды орнатылды.

Қазақстандағы экстремалды ыстық ерекшелік болудан қалып, жаңа климаттық шындыққа айналуда. Бұл неліктен болып жатқаны және климаттың өзгеруі адам денсаулығына, экономикаға және су қауіпсіздігіне қандай салдар әкелетінін бұған дейін Kazinform тілшісі талдаған болатын.

Дереккөз: Inform.kz