Алматының Әуезов ауданындағы №1 шағын ауданының тұрғындары су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстарынан кейінгі аулалардың жай-күйіне шағымданды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Threads әлеуметтік желісіндегі @ewgechka парақшасының авторының сөзінше, аулалар екі айдан бері шаңға батып жатыр.
«Екі ай шаңда жүзу. Барлығы тастап кетті, жинамады, тазаламады, үстін жаппады, асфальттамады! Шара қолданыңыздар», — деп жазды өтініш авторы.
«Алматы Су» мекемесі аулалардағы сумен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту жұмыстары 2026 жылғы 10 тамызда басталғанын түсіндірді. Мердігер — «ACM Construction» ЖШС.
«Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылғы 10 тамызда басталды. Қазіргі уақытта магистральдық құбырды төсеу толық көлемде (100%) орындалды. Жекелеген учаскелерде үш қабатты асфальт жабынын қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазіргі уақытта сумен жабдықтаудың абоненттік желілерін тарту жұмыстары жалғасуда.
Жұмыстарды орындау мерзімі 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленген. Құрылыс-монтаж жұмыстарының алдын ала аяқталу мерзімі — 2026 жылғы 20 қарашаға дейін», — делінген хабарламада.
