...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматы әкімі Олжас Сүлейменовті 90 жасқа толуымен құттықтады

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовті 90 жасқа толуымен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау хатын оқып берді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Дархан Сатыбалды Қазақстанның халық жазушысын үйінде арнайы барып көрді. Жылы отбасылық жағдайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.

Сіз Қазақстанда және әлемдік деңгейде көрнекті ақын, ойшыл, беделді қоғам қайраткері ретінде лайықты танылып, құрметке ие болдыңыз. Сіздің гуманистік идеяларыңыз ұлттық мәдениет пен қоғамдық-саяси ойдың игілігіне айналып, мемлекетіміздің шегінен тыс жерлерге де тарады. Өзіңіздің бірегей шығармашылығыңызбен қазақ халқының тарихи санасын қайта жаңғыртуға зор үлес қостыңыз, — делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Алматы әкімі Олжас Сүлейменовке әдебиетті, қоғамдық ойды және ядролық қаруға қарсы қозғалысты дамытуға қосқан баға жетпес үлесі үшін шынайы алғысын білдірді.

Дархан Сатыбалды жазушының бастамасымен құрылған «Невада — Семей» қозғалысы ядролық сынақтарға қарсы күрестің символына айналып, Семей полигонының жабылуында маңызды рөл атқарғанын атап өтті.

18 мамырда 90 жасқа толған Олжас Сүлейменов — дала поэзиясы туралы түсінікті өзгерткен ақын. Жазушы, әдебиеттанушы, көрнекті лингвист-түркітанушы және дипломат. Ол тек әдеби шығармаларымен ғана емес, белсенді қоғамдық-саяси қызметімен де әлемдік танымалдылыққа ие болды. Сүлейменовтің өлеңдері мен поэмалары әлемнің ондаған тіліне аударылған.

Дереккөз: Inform.kz