Алматы халықаралық әуежайында ішкі рейстер терминалын жаңғырту және жаңа кіреберіс тобын салу жұмыстары жүргізілуде. Әкімдік жолаушыларды қандай өзгерістер күтіп тұрғанын айтып берді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі Instagram-дағы парақшасында жөндеу жұмыстарының барысымен қала әкімі Дархан Сатыбалды танысқанын хабарлады.
Қайта құру ішкі рейстер терминалының барлық дерлік бөлігін қамтиды. Мұнда еден жабындары мен төбелер, желдету және электрмен жабдықтау жүйелері, жолаушыларды тіркеу аймақтары мен жүк өңдеу жаңартылуда, — деп атап өтті әкімдікте.
Тексеру барысында Дархан Сатыбалды ұшуға шығу залының қайта құрылуын, балалар алаңы мен террасаны көрді, онда жаңа қоғамдық тамақтану нүктесі пайда болады. Сонымен қатар, әкімге гейттер арасындағы жаңа көпірдің жобасы ұсынылды.
Негізгі жұмыстарды қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Содан кейін ішкі және халықаралық терминалдарды байланыстыратын дәлізді жайластыру жалғасады. Бұл жұмыстарды қазан-қараша айларында аяқтау жоспарлануда, — деп нақтылады әкімдікте.
Сондай-ақ әкім әуежайдың жаңа кіреберіс тобының құрылысымен танысты. Дархан Сатыбалды жұмыс қарқынын жеделдетуді, сапаны жоғары деңгейде сақтауды тапсырды. Оның айтуынша, жаңартылған әуежай Алматының басты әуе қақпасы мәртебесіне сай болуы және жолаушыларға заманауи әрі ыңғайлы сервисті қамтамасыз етуі тиіс.
