Биыл «Алматы жастары» бағдарламасына қатысуға 4 000-ға жуық жас маман рұқсат алды. Бұл туралы Отбасы банкінде хабарлады. Қалада жалдамалы тұрғын үйді бөлу де жалғасып жатыр. Жақын арада 2 000-ға жуық отбасы жаңа пәтерлердің кілтін ала алады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Тұрғын үй кезегі енді адам факторына байланысты емес. Пәтерлерді тек есепке қою күні мен кезекші санатын ескеретін цифрлық жүйе бөледі. Отбасы банкі даму институты мәртебесін алғаннан кейін барлық тізімдер бірыңғай базаға біріктіріліп, процесс толығымен ашық болды. 9 ай ішінде еліміз бойынша 23 000-ға жуық пәтер бөлінді. Алматы да үлес қосты: қазірдің өзінде қала Отбасы банкіне 800-ден астам жалдамалы пәтер берді. 500-ден астам отбасы келісімшартқа қол қойды.
«Жақын арада Алматы қаласы әкімдігі Отбасы банкіне бөлуге тағы 1 971 жалдамалы тұрғын үй пәтерін беруді жоспарлап отыр. Оның 1 595 пәтері әлеуметтік осал топтарға, ал 376 пәтері қалған кезекшілерге арналған. Бұл тағы 2 000-ға жуық алматылық отбасының тұрғын үй мәселесін шешуге жақындайтынын білдіреді», — деді банк филиалы директорының орынбасары Кәмшат Оналбаева.
Қолдау шаралары мұнымен бітпейді. Жалдамалы тұрғын үймен қатар Алматыда биыл 10 жылдығын атап өткен «Алматы жастары» бағдарламасы жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде 8 000-нан астам жас маман жеке тұрғын үй сатып алды. Тек биыл ғана бағдарламаға қатысуға 4 000-ға жуық адам рұқсат алды. Олар — мұғалімдер, дәрігерлер, журналистер, ғалымдар, коммуналдық қызметкерлер және басқа да сұранысқа ие мамандықтардың өкілдері.
«Іске қосылған бірінші жылы небәрі 100 несие берілді. Өткен жылы «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша 2 276 несие берілді. Яғни, қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. «Алматы жастары» бағдарламасының мақсаты — жас қала тұрғындарын қолдау», — деді Кәмшат Оналбаева.
Несиенің максималды сомасы — 20 миллион теңге. Бастапқы жарна — 10%, мөлшерлеме — жылдық 5%. Пәтерді екінші нарықтан да, жаңа ғимараттан да сатып алуға болады. Осылайша, мыңдаған жас алматылық пен кезекші үшін жеке тұрғын үй алыс арман емес, нақты перспективаға айналуда.
Дереккөз: Almaty.tv
