Алматыда жылу желілерін тексеру кезінде суға арнайы органикалық индикатор қосылады, ол суды жасыл түске бояйды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
2026 жылғы 2 қарашадан бастап қалада жылу желілері арнайы бояғыш затпен тексеріле бастайды. Жұмыстар 2027 жылғы 19 наурызға дейін жалғасады.
«Жасырын ақауларды, құбырлардағы кемшіліктерді тез тауып, жертөлелерден судың заңсыз ағызылуын болдырмау үшін қазандықтардағы суға апта сайын арнайы органикалық индикатор – уранин А (флуоресцеин динатрий тұзы) қосылып отырады. Дәл осы зат суға ашық жасыл немесе сары-жасыл түс береді», – делінген хабарламада.
Тексеру тек жылытуға жұмыс істейтін, ыстық сумен жабдықтаусыз қазандықтарды қамтиды. Олар Алатау, Жетісу, Медеу және Түрксіб аудандарында орналасқан. Толық мекенжайлар тізімін осы жерден көруге болады.
«Алматы жылу желілері» ЖШС заттың уыттылығы аз, қоршаған ортаға қауіпсіз және рұқсат етілген 1,0 г/м³ концентрацияда қолданылатынын хабарлады.
«Көшеде (бу шығатын немесе құбыр жарылған жерлерде) жасыл суды көрсеңіз, қорықпаңыз! Бұл біздің индикатор жұмыс істеп, мамандарға ақаулықты жедел жоюға көмектесіп жатқанын білдіреді. Жеделдік үшін 109 қызметінің бірыңғай нөміріне хабарласа аласыз», – деп атап өтті компанияда.
