Алматыда Таиландтан гашиш майын халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы контрабандалау арнасын ұйымдастырушы 16 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматыда алқабилер қатысқан сот Таиландтан есірткі контрабандасы арнасын ұйымдастырушыны кінәлі деп тауып, оны 16 жылға бас бостандығынан айырды.
— Тергеу және сот анықтағандай, сотталушы халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы гашиш майын заңсыз әкелуді ұйымдастырған. Есірткілер сәлемдемелерде жасырылып, ешнәрседен күдіктенбеген туыстары мен таныстарының атына ресімделген, — деп хабарлады прокуратура.
Сондай-ақ құқық қорғаушылар контрабанданың бірнеше әрекетінің жолын кесіп, 5,7 келіден астам каннабис сығындысын тәркіледі. Одан бөлек, сотталушыдан сатуға арналған есірткі заттары және заңсыз сақталған оқ-дәрі табылды.
Іс бойынша мемлекеттік айыптауды көлік прокуратурасы қолдады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, Атырау тұрғынынан 200 грамнан астам синтетикалық есірткі тәркіленген еді. Бұған дейін Жамбыл облысының 60 жастағы тұрғыны 24 келі марихуанамен ұсталғаны хабарланған.
Дереккөз: Inform.kz