24 шілдеден 30 қарашаға дейін Медеу – Туюқ-Су автомобиль жолында көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Бұл инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жоспарлы жұмыстарды жүргізуге байланысты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әкімдіктің хабарлауынша, жұмыстар инженерлік желілердің сенімділігін арттыруға және Шымбұлақ шатқалының аумағында орналасқан нысандардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
— Жұмыстарды жүргізуге байланысты Медеу – Туюқ-Су автомобиль жолымен көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Шектеулер жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, арнайы техниканың кедергісіз жұмысы және жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау үшін қажет, — деп атап өтті әкімдікте.
Сонымен қатар, шатқал аумағындағы барлық туристік нысандар әдеттегі режимде жұмысын жалғастырады. Жүріп өту жедел және авариялық қызметтердің автомобильдері, шатқал тұрғындары, сондай-ақ арнайы техника үшін сақталады.
Жаяу туристер үшін Шымбұлаққа кіру ашық қалады. Баламалы бағыт ретінде «Медеу» бөгетіндегі №12 және №21 автобус маршруттарының соңғы аялдамасынан басталатын, бөгеттің астымен өтіп, «Горельник» визит-орталығына апаратын Студенттік соқпағын пайдалану ұсынылады.
Маршрут топырақты соқпақпен өтетіндіктен және көтерілу учаскелерін қамтитындықтан, туристерге ыңғайлы спорттық немесе треккингтік аяқ киімді таңдау ұсынылады.
Әкімдік қала тұрғындары мен қонақтарын сапарларын алдын ала жоспарлауға, уақытша шектеулерді ескеруге, жол белгілерінің талаптарын сақтауға және реттеуші қызметтер қызметкерлерінің нұсқауларын орындауға шақырды.
Айта кетейік, «Алматы – Қаскелең» учаскесінде де жолды сегіз жолаққа дейін кеңейту жұмыстары басталды.
Дереккөз: Inform.kz