
Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы тау кластері (АТК) мен Almaty Superski жобаларын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Оған туризм және спорт министрі, Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдері, сондай-ақ Almaty Superski жобасын іске асыруға жауапты компания басшылығы қатысты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспары 73 іс-шараны қамтиды, оның 49-ы биылғы жылы іске асырылуы тиіс. Бірінші кезеңде Шымбұлақты жаңғырту және Бутаковка мен Кімасар шатқалдарының аймақтарын дамыту көзделген. Екінші кезең 2027 жылдан басталып, Пионер мен Oi-Qaragai курорттарын дамытуды және оларды канатты жолдар жүйесімен біріктіруді қамтиды. Kazakh Tourism Development Ltd. ЖШС атқарушы директоры Ержан Еркінбаевтың айтуынша, Almaty Superski тұжырымдамасында жүйелі хайкинг инфрақұрылымын, заманауи визит-орталықтарды және бірыңғай қауіпсіздік контурын – жолдар мен маршруттарды белгілеуден бастап таулы аймақтағы шұғыл байланыс, цифрлық навигация және әртүрлі қиындық деңгейіндегі маршруттар каталогына дейін құруға ерекше назар аударылған. Жобаның жеке элементі Шымбұлақ, Almaty Superski және басқа да перспективалы бағыттардағы курорттарға канатты жолдардың негізгі көлік торабы болатын бірыңғай вокзал болады. Алматы қаласы әкімдігінің ағымдағы жұмыстары туралы қала әкімі Дархан Сатыбалды баяндады.
Шымбұлақты жаңғырту аясында биылғы мамырда жеті канатты жолдың біріншісінің құрылысы басталады. Екі жаңа желіні ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған, бұл 5 км-ден астам трассаны қосады (бүгінгі күні жалпы ұзындығы – 18 км). Сондай-ақ Шымбұлақта 2 канатты жол жаңғыртылады. Almaty Superski жобасы бойынша инженерлік инфрақұрылым дайындалып, жабдықтар сатып алынуда. Биылғы жылы 8 көпір мен су өткізу құрылысын салу көзделген. Маусым айында ұзындығы 6 км автомобиль жолының құрылысы басталады. Газбен жабдықтау және кәріз желілері жолмен бір мезгілде 2027 жылы тартылады. Қала әкімдігінің мәліметінше, инженерлік инфрақұрылым мен автомобиль жолы 2027 жылдың қыркүйегіне дейін аяқталуы керек.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында өңірде 92,8 млрд теңгеге 15 іс-шара қарастырылған, оның 83,8 млрд теңгесі жеке инвестициялар. Oi-Qaragai курортында бірқатар жұмыстар орындалды, соның ішінде 10 орындық гондолалық және 6 орындық креслолық канатты жолдар, тау шаңғысы трассаларының бірінші кезеңі, параглайдинг алаңы және басқа да нысандар пайдалануға берілді. 2027 жылдың III тоқсанында курортты қосымша электрмен жабдықтау жобасын аяқтау күтілуде. Сондай-ақ «Тау-Тұран-Байбұлақ» автомобиль жолын күрделі жөндеу жоспарланған. Премьер-министр жауапты мемлекеттік органдар мен тартылған ұйымдар тарапынан жұмыс қарқынының төмендігін атап өтті. Алматы тау кластері мен Almaty Superski курортын дамыту ерекше бақылауда екені айтылды.
Үкімет басшысы бірқатар тапсырма берді: АТК және Almaty Superski жобалары бойынша мемлекеттік сараптама қорытындыларын уақтылы беруді, оларды ғылыми сүйемелдеуді қамтамасыз ету; арнайы және өрт техникасының өтуіне қосымша учаскелер бөлу шараларын қабылдау; уақытша инфрақұрылымды (жолдар, инженерлік желілер және т.б.) тартуды және Almaty Superski курорты нысандарының құрылысын бастау үшін қажетті келісімдерді беруді қамтамасыз ету.
Жалпы, Алматы тау кластері мен Almaty Superski жобасын дамыту заманауи және қолжетімді тау инфрақұрылымын кеңейтуге, бұқаралық және кәсіби спортты танымал етуге, сондай-ақ жыл бойы демалысты ынталандыруға бағытталған. Almaty Superski жобасы Қазақстан үшін жаңа өсу нүктесіне айнала алады.
Дереккөз: Almaty.tv