...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Мемлекет басшысы Олжас Сүлейменовті 90 жасқа толуымен құттықтады

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының атынан ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовті 90 жасқа толуымен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Дархан Сатыбалды Қазақстанның халық жазушысын үйіне барып, жылы отбасылық жағдайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.

«Сіз Қазақстанда және әлемдік деңгейде көрнекті ақын, ойшыл, беделді қоғам қайраткері ретінде лайықты танылып, құрметке ие болдыңыз. Сіздің гуманистік идеяларыңыз ұлттық мәдениет пен қоғамдық-саяси ойдың игілігіне айналды. Өзіңіздің бірегей шығармашылығыңызбен қазақ халқының тарихи санасын жаңғыртуға зор үлес қостыңыз», — делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Алматы әкімі Олжас Сүлейменовке әдебиет, қоғамдық ой және ядролық қаруға қарсы қозғалысты дамытуға қосқан баға жетпес үлесі үшін шынайы алғысын білдірді. Ол жазушының бастамасымен құрылған «Невада — Семей» қозғалысы ядролық сынақтарға қарсы күрестің символына айналып, Семей полигонын жабуда маңызды рөл атқарғанын атап өтті.

Олжас Сүлейменовтің есімі қазіргі Қазақстан тарихына мәңгілік енді. XX–XXI ғасырлардағы көрнекті ақын және жазушы әлемдік мойындауға тек әдеби шығармалары арқылы ғана емес, белсенді қоғамдық-саяси қызметі арқылы да қол жеткізді. Оның кітаптары көптеген тілдерге аударылып, үлкен тиражбен басылып, оқырмандардың әрдайым қызығушылығын тудырады.

Дереккөз: Almaty.tv