Алматыда Медеу мен «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты арасындағы учаскеде инженерлік инфрақұрылым құрылысы жалғасуда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жоба аясында орта қысымды 5,7 км газ құбыры және 2,7 км су бұру желілері салынады.
Алматы қаласы Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының мәліметінше, жобаны іске асыру осы бағыт бойындағы нысандарды, оның ішінде «Шымбұлақ» тау шаңғы курортының аумағын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жұмыстар коммуналдық жүйелердің сенімділігін арттыруға және туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Қазіргі уақытта мердігер ұйым құрылыс-монтаж жұмыстарын бастады. Газ құбырының алғашқы учаскелерін монтаждау, су бұру желілерін салу және темірбетон құдықтарды орнату жүргізілуде. Инженерлік желілердің құрылысын 2026 жылдың қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Сурет: Алматы әкімдігі
Табиғи ландшафтты сақтауға және қоршаған ортаға әсерді барынша азайтуға ерекше көңіл бөлінетіні атап өтілді.
Құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілетін кезеңде жекелеген учаскелерде қозғалысты уақытша шектеу және арнайы техниканың жұмыс істеуі мүмкін. Қала тұрғындары мен қонақтары сапарларын жоспарлау кезінде осы ақпаратты ескеруге шақырылады.
Еске салайық, Қазақстан Конституциялық соты Алматы әкімдігінің Шымбұлақ шатқалы аумағына электромобильдерден басқа көлік құралдарының кіруін шектейтін қаулысының тармағын Конституцияға сәйкес емес деп таныған болатын.
Дереккөз: Inform.kz