...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Инфрақұрылымды біріктіру: Алматы әуежайы мен метро желілері байланысады

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Налибаев пен Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мегаполистің инфрақұрылымдық нысандарын тексерді. Нәтижесінде әуежайдың көлік инфрақұрылымын қалалық метро желілерімен біріктіру тапсырылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Нұрлыбек Налибаев жұмыс сапары барысында Алматы әуежайының инфрақұрылымдық жобаларының ағымдағы жай-күйімен танысты. Оның ішінде перрон ғимараты, ұшақтарды мұздануға қарсы өңдеу алаңы, жүк тұрақтарының құрылысы және ішкі рейстер терминалын реконструкциялау бар. Жаңа халықаралық терминалдың жалпы ауданы 56 мың шаршы метрді құрайды. 93 млрд теңге көлеміндегі инвестициялардың арқасында нысанның өткізу қабілеті жылына 14 млн жолаушыға дейін артты. 2024 жылғы маусымда жаңа терминал іске қосылғаннан бері ескі ғимаратқа жүктеме азайып, ол толығымен ішкі рейстерге қызмет көрсетуге көшті.

TAV Havalimanları Holding A.Ş. (TAV Airports Holding) компаниясы өткен жылдың тамызында жалпы сомасы $360 млн болатын бес жылдық бас жоспарды бекітті. Құжатта терминалдарды реконструкциялау, ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу, жерүсті қызмет көрсету жабдықтарын сатып алу, жүк перроны мен бортық тамақтандыру нысандарын салу, қонақүй мен көпдеңгейлі автотұрақ құрылысы және басқа да жобалар қарастырылған. Бұл туралы «Халықаралық Алматы әуежайы» АҚ президенті Косе Гокер мәлімдеді.

«Мен Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша әуежайдағы жұмыстардың барысымен танысу үшін арнайы келдім. Халықаралық Алматы әуежайын жаңғырту – Қазақстанды Орталық Азияның негізгі авиациялық хабтарының біріне айналдыруға бағытталған стратегиялық шешім. Алайда жұмыс қарқыны өте төмен. Алматы – біздің ең әдемі қалаларымыздың бірі, оған көптеген туристер келеді. Әуежай аумағындағы қаланың келбетін бұзып, туристерге қолайсыздық тудыратын құрылыс жұмыстары 1 шілдеге дейін аяқталуы тиіс. Мырза Косе Гокер, жолаушылар мен туристердің әділ сынына себеп болған созылған жұмыстарды аяқтайтын уақыт келді. Жазғы маусым қарсаңында, туристік ағын артатын кезде, жаңғырту қарқынын жеделдету және халықтың мүддесін ескеру қажет. Қала әкімдігі өз кезегінде жаңғырту жұмыстарының сапасы мен уақытылы аяқталуын қатаң бақылауда ұстауы керек», — деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Налибаев.

Ол сондай-ақ Алматы әуежайының халықаралық терминалының нөсер жаңбырдан су басу оқиғасына тоқталды. Бұл жағдай кеңінен қоғамдық резонанс тудырып, қала тұрғындары мен шетелдік қонақтар арасында теріс реакцияға әкелді. Осыған байланысты Премьер-Министрдің бірінші орынбасары жұмыстың басты критериі сапа екенін еске салып, Алматы әкімдігіне әуежайдың көлік инфрақұрылымын қалалық қоғамдық көлік желісімен, оның ішінде метроның перспективалық бағытымен біріктіруді қамтамасыз етуді тапсырды.

Дереккөз: Almaty.tv