...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматы экономикасына 2,3 трлн теңге инвестиция тартылды: қай салалар көш бастады

2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 2,3 трлн теңгеге жетті, ал тікелей шетелдік инвестиция көрсеткіші 8,5 млрд АҚШ долларын құрады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Шетелдік инвестицияның негізгі бөлігі көтерме және бөлшек сауда саласына, оның ішінде автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеуге тиесілі – 4 млрд доллар, яғни жалпы көлемнің 47 пайызы.

Қаржы және сақтандыру қызметі 1,3 млрд доллар (15,5%), ақпарат және байланыс саласы 1,2 млрд доллар (14%), ал көлік және қоймалау 646 млн доллар (7,5%) үлес қосты.

Қалаға шетелдік инвестицияның негізгі ағыны Ресей, Нидерланд, Оңтүстік Корея, Бельгия және Қытай серіктестері есебінен қамтамасыз етілуде.

2026 жылы қаладағы инвестициялық белсенділік сақталуда. Қаңтар-наурыз аралығында инвестиция көлемі 373 млрд теңгені құрады.

Сонымен қатар инвестициялық салымдардың құрылымы өзгеруде. Бұрын инвестицияның негізгі бөлігі құрылыс секторында байқалса, қазір жабдықтар саудасы мен технологиялық жаңғырту саласында оң динамика байқалады. 2026 жылдың басындағы жағдай бойынша осы саладағы инвестиция үлесі 66 пайызға жетті, бұл өндірістік сектордағы инвестициялық белсенділіктің күшейгенін көрсетеді.

Ағымдағы жылдың ақпан айында ең көп инвестиция көлемі ақпараттық технологиялар және байланыс саласында тіркелді – шамамен 39 млрд теңге немесе айлық жалпы инвестиция көлемінің 30 пайызынан астамы.

Бүгінде Алматы жоғары инвестициялық белсенділікті сақтап, Орталық Азиядағы бизнесті тартудың негізгі орталықтарының бірі болып қалуда.

Қаланың инвестициялық және экономикалық тұрақтылығының негізгі факторлары – дамыған инфрақұрылым, Индустриялық аймақ және «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы, олар бизнеске салықтық және кедендік преференциялар ұсынады.

Дереккөз: Almaty.tv