
Алматы әкімдігі мен қоғам белсенділері Family Park саябағын мемлекет меншігіне қайтару мүмкіндігін қарастыруда. Бұл мәселе қала тұрғындарының саябақтың нашар жағдайына қатысты көптеген шағымдарына байланысты туындады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бұған дейін Алматы қаласы мәслихатының депутаттары Қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесіп саябақ аумағына шығып, мониторинг жүргізген еді. Тексеру нәтижесінде аумақтың санитарлық жағдайының нашарлығы, инфрақұрылымның тозуы, аттракциондардың техникалық жай-күйі мен қауіпсіздігіне қатысты мәселелер, көгалдандырудың тиісті деңгейде болмауы және нысанның ұзақ уақыт бойы дамымауы сияқты күрделі жүйелі проблемалар анықталды.
Талқылауға Алматы қаласы прокуратурасы, Жер ресурстарын басқару департаменті, Полиция департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті, Әуезов ауданы әкімі аппараты және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Алматы қалалық AMANAT партиясы филиалының төрағасы Станислав Канкуровтың айтуынша, Family Park айналасындағы жағдай жеке шаруашылық мәселесінен асып, мыңдаған алматылықтың мүддесіне тікелей әсер етіп отыр.
Алматы қаласы Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Ержан Ташпенбетов жүргізілген тексеру барысында жер телімін беру заңдылығына қатысты бұзушылықтар анықталғанын мәлімдеді.
Жиын қорытындысы бойынша комиссия мүшелері қала тұрғындарының мүддесін қорғау, заңдылықты қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар жер телімін тиімді пайдалану мақсатында нақты әрі түбегейлі шешімдер қабылдау қажеттігін атап өтті.
AMANAT партиясы бұл мәселені Алматы тұрғындарының мүддесінде түпкілікті шешім қабылданғанға дейін бақылауда ұстайды.
Дереккөз: Zakon.kz