...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Бауыржан Момышұлы атындағы тоғайда 130 жылдық тарихы бар Баум тоғайы жаңғыртылды: 4,7 млрд теңге инвестиция, 23 км жаяу жүргіншілер жолы

Алматыдағы 130 жыл бұрын ғалым-орманшы Эдуард Баум негізін қалаған ірі табиғи нысан — Баум тоғайын абаттандырудың негізгі жұмыстары аяқталды. Жобаны қала әкімі Дархан Сатыбалды қоғамдық және экологиялық кеңістіктерді дамыту бастамасы аясында іске асырды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Түрксіб ауданында Сейфуллин және Сүйінбай даңғылдары аралығында орналасқан 137,7 га жасыл алқап жаңартылды. Жобаның басты қағидаты — экожүйеге барынша аз араласу. Жұмыс барысында бірде-бір ағаш кесілмеген, керісінше 1000-нан астам шырша, тал, қайың, терек, жібек ағашы мен жиде көшеттері отырғызылды.

Жоба қалалық ортаны дамытуда бизнес пен биліктің тиімді ынтымақтастығының үлгісіне айналды. BAZIS-A компаниясы 4,7 млрд теңге меншікті қаражатын салды. Жұмыстар 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы мамырға дейін кезең-кезеңімен жүргізілді.

Тоғай аумағында белсенді демалысқа арналған аймақ, рекреациялық аймақ және экозона қарастырылған. Жаяу жүргіншілер маршруттарының жалпы ұзындығы 23 шақырымнан асады. Веложолдар заманауи асфальт жабындысымен, ал жаяу жолдар мен экожолдар экологиялық таза ұсақ престелген қиыршық таспен нығайтылды.

Демалыс үшін 196 орындық, 26 пейзаждық әткеншек, 66 пергола мен беседка, 5 пикник алаңы орнатылды. Иттерді серуендету алаңы 414 шаршы метрге дейін кеңейтіліп, кинологтардың ұсынысы бойынша жабдықталды. 7 балалар алаңы, 6 воркаут аймағы, үстел теннисі мен йога алаңы, экстремалды велоспортқа арналған памп-трек пайда болды.

Қауіпсіздік үшін 593 биік шам және 1019 төмен шам, сондай-ақ 109 жаңа буын бейнекамера орнатылды.

Дереккөз: Almaty.tv