...
... Алматы
USD
EUR
RUB

23 мамырда Алматыда мәдениет қызметкерлері күніне арналған сенбілік өтеді

23 мамырда Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған жалпықалалық сенбілік өтеді. Шараға кең ауқымды қатысушылар тартылады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Негізгі алаң Медеу ауданындағы Макатаев – Райымбек – Пушкин – Жетісуская көшелерінің аралығындағы аумақ болып белгіленді.

Сенбілікке қоғамдық және жастар бірлестіктерінің, заңды тұлғалардың, білім беру ұйымдарының (мектептер, колледждер, жоғары оқу орындары), мәдениет мекемелерінің, еріктілер ұйымдарының, блогерлер қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары, КСК және ОСИ өкілдері қатысады.

Қатысушыларға қажетті құрал-жабдықтар, соның ішінде күрек, қолғап және қоқыс жинауға арналған қаптар беріледі.

Сонымен қатар, жоспарда:

  • Қатысушыларды сенбілік өтетін орынға тегін жеткізу;
  • Мәдени-көңіл көтеру бағдарламасы;
  • Қатысушыларды ауыз су және тамақпен қамтамасыз ету;
  • Биотуалеттер орнату.

Жалпықалалық акцияға Алматы қаласының аудандық әкімдіктері де қосылады. Олар келесі учаскелерде қоғамдық және коммуналдық қызметтердің қатысуымен аумақтарды тазалауды ұйымдастырады:

  • Алатау ауданы – Шаңырақ-2 шағынауданы (Мамбетов, БАК бойы, Жылысай, Өтемісов көшелерінің аралығы).
  • Алмалы ауданы – Байсейітова саябағы (Абылай хан, Шевченко, Панфилов, Құрманғазы көшелерінің аралығы).
  • Әуезов ауданы – 7, 8 және 9 шағынаудандар аумағы.
  • Бостандық ауданы – Исиналиев көшесі, Қазақфильм шағынауданы.
  • Жетісу ауданы – Азовская көшесі, 18.
  • Наурызбай ауданы – Көлыбеков көшесі (Ашимовтан Косыновқа дейін).
  • Түрксіб ауданы – Құлжа тракты (қала шекарасынан Бухтарма көшесіне қарай).

Сенбілік халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға, қалалық ортаны абаттандыруға және қоғамды қала тазалығы мен санитарлық жағдайын сақтау мәселелеріне тартуға бағытталған.

Дереккөз: Almaty.tv