Алматы облысында Алматы – Бішкек халықаралық трассасының учаскесін күрделі жөндеу және кеңейту басталды. Мегаполиске кіреберістегі ең жүктемелі жолдардың бірі, күн сайын 70 мыңнан астам автокөлік өтетін бұл учаске төрт жолақтан сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы – Бішкек халықаралық автомобиль жолының 19-дан 27-ші километрге дейінгі учаскесін күрделі жөндеу және кеңейту жобасын іске асыруға кірісті. Компанияның хабарлауынша, жоба мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып, елдегі ең жүктемелі көлік дәліздерінің бірін жаңғыртуға бағытталған. Күн сайын бұл учаскеден 70 мыңнан астам автокөлік өтеді. «ҚазАвтоЖол» деректері бойынша, қолданыстағы төрт жолақты жол көлік ағынына төтеп бере алмай, тұрақты кептелістерге, қозғалыстың орташа жылдамдығының төмендеуіне және жол-көлік оқиғалары қаупінің артуына әкеп соғады.
Жоба аясында жол төрт жолақтан сегіз жолаққа дейін кеңейтіліп, Алматыға кіреберістегі негізгі жолдардың бірінің өткізу қабілетін арттыруға және жол қозғалысы қауіпсіздігін жақсартуға мүмкіндік береді. Жолды кеңейтуден басқа, екі «Таға» типті көлік айрығы, тоғыз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі, бүкіл учаске бойында тротуарлар, сыртқы жарықтандыру жүйесі және күрделі типтегі жаңа жол төсемі салынады. Сондай-ақ газ құбырлары, су құбырлары желілері, электрмен жабдықтау желілері және талшықты-оптикалық байланыс желілерін қоса алғанда, инженерлік коммуникацияларды ауыстыру көзделген.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев жобаның Алматы агломерациясы үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, реконструкция аяқталғаннан кейін Алматы мен қала маңындағы елді мекендер арасындағы жол жүру уақыты қысқарады, трассаның өткізу қабілеті артады, көлік жүктемесі төмендейді және жергілікті және транзиттік көлік қозғалысы үшін қолайлы жағдайлар жасалады.
Дереккөз: Inalmaty.kz