...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыдағы цирк қайта жаңғыртылады: жұмыс 2027 жылы басталады

Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркі мен оған іргелес аумақты кең ауқымды жаңғырту жоспарлануда. Жобаның ағымдағы сатысы мен жұмыстың басталу мерзімі туралы Kazinform агенттігінің тілшісі хабарлады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Цирк ғимараты 1972 жылы пайдалануға берілген. Осы уақыт ішінде тек 2006 жылы бір рет ішінара күрделі жөндеу жүргізілген, ал реконструкция мен модернизация бірде-бір рет жасалмаған.

Қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Арман Халбековтің айтуынша, жылдар өте келе заманауи мәдени-көпшілік ойын-сауық нысандары мен іс-шараларына қойылатын конструктивтік, пайдалану және ең алдымен көркемдік-қойылымдық талаптар түбегейлі өзгеріп, күрделене түскен.

— Реконструкция жобасы Қазақстан Республикасының ең көне және жетекші циркін заманауи талаптар деңгейіне жеткізу үшін іске асырылып жатыр, — деп нақтылады ол.

Жұмыс аясында инженерлік желілер мен коммуникацияларды ауыстыру, шатырды, қасбеттер мен ішкі үй-жайларды күрделі жөндеу, сондай-ақ жарық, дыбыс және сахналық механика жүйелерін қамтитын манеждік-сахналық жабдықты модернизациялау көзделген. Сонымен қатар цирк жануарларын ұстауға арналған үй-жайларды жаңарту және іргелес аумақты абаттандыру жоспарланған.

Цирк ғимараты жергілікті маңызы бар сәулет және қала құрылысы ескерткіші болғандықтан, оның сыртқы келбеті өзгеріссіз қалады — бұл заңнамада бекітілген. Реконструкция кезінде қолданылатын материалдар мен шешімдер жобалық-сметалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамасынан өткеннен кейін анықталады.

Жобаның тапсырыс берушісі — Алматы қаласының құрылыс басқармасы. Мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша «ПС Акцент» ЖШС мердігер ретінде айқындалды. Құрылыс-монтаж жұмыстарының түпкілікті құны жобалық-сметалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамасы аяқталғаннан кейін белгіленеді.

ЖСҚ дайындау 2026 жылдың екінші тоқсанында аяқталуы тиіс. Қазір мемлекеттік сараптамаға құжаттар пакеті жинақталуда, оның мерзімі көрсетілген кезеңге кірмейді. Құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуы шамамен 2027 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланып отыр. Реконструкцияның ұзақтығы 12 айдан 18 айға дейін болады.

Қалалық мәдениет басқармасының мәліметінше, реконструкция және модернизация жұмыстары жүргізілетін кезеңде шығармашылық ұжымның бір бөлігі «Шапито» жылжымалы цирк кешенінде жұмыс істейді, ал қалған бөлігі гастрольге шығады.

Бұған дейін цирк директоры Мақсат Жайықов ғимараттың инженерлік жүйелерінің ескіруі мен айтарлықтай жылу жоғалтуына байланысты модернизация қажет екенін түсіндірген. Оның сөзінше, бұл әсіресе қыс мезгілінде, оның ішінде балалардың Жаңа жылдық қойылымдары кезінде жайлы жағдайды қамтамасыз ету маңызды болғанда, жайсыздық тудырады. Сонымен қатар жабдықтың бір бөлігі өз ресурсын сарқып, бүгінде тек бір агрегат жұмыс істеп тұр, оның қуаты толыққанды пайдалануға жеткіліксіз.

Әкімдікте атап өткендей, цирктің тарихи келбеті толығымен сақталады. Қасбет, сәндік элементтер және бірегей сәулеттік шешімдер, оның ішінде фойедегі түпнұсқа еден жабыны өзгеріссіз қалады. Негізгі жұмыстар инженерлік коммуникацияларды жаңартуға, терезелерді, есіктер мен шатырды ауыстыруға бағытталады. Жеке бағыт ретінде нысанның ерекшелігін ескере отырып, жануарларды ұстауға арналған үй-жайларды модернизациялау қарастырылған.

Дереккөз: Inform.kz