
Алматыда көлік салығын өндіріп алу үшін бірлескен рейдтік іс-шаралар өткізілуде. Жедел-профилактикалық «Борышкер» іс-шарасы әкімнің көлеңкелі экономиканы азайту жоспары аясында салық органдары, полиция және жеке сот орындаушыларының қатысуымен өтуде, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Тексерулер кезінде жеке сот орындаушыларының қаулысы бар борышкерлердің көліктері «Сергек» жүйесінің көмегімен анықталып, қарыз толық өтелгенше айыппұл тұрағына жіберіледі.
Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта мегаполисте көлік салығы бойынша берешек 7 миллиард теңгеден асады. Қарыз 85 мыңнан астам автокөлік иесінде тіркелген.
Қарыздың едәуір бөлігі қозғалтқыш көлемі 4000 текше сантиметрден асатын автокөліктерге тиесілі.
Мемлекеттік кірістер департаменті автокөлік иелерін қосымша шығындар мен көлікті алып қоюдан аулақ болу үшін салықты уақтылы төлеуге шақырды.
Еске сала кетейік, Қазақстанның салық органдары банктерден 15 сәуірге дейін алынған мобильді аударымдар туралы деректерді өңдей бастады. Алғашқы хабарламаларды азаматтарға мамыр айында жіберу жоспарлануда.
Дереккөз: Inform.kz