Алматы мен Алматы облысында тау өзендері мен сел қауіпті учаскелеріне күшейтілген мониторинг жалғасуда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі ҚР ТЖМ-не сілтеме жасап. Жаңбырлы ауа райына байланысты және сел қауіпті маусымда алдын алу шаралары аясында ТЖМ бөлімшелері күшейтілген қызмет режиміне ауыстырылды. Құтқарушылар тәулік бойы өзен арналарының жай-күйін бақылап, мониторингтік бекеттерден ақпаратты сағат сайын жіберіп отырады. Үлкен Алматы, Кіші Алматы және Қарғалы өзендері тұрақты бақылауда. Сонымен қатар, мамандар Ақсай өзенінің арнасын судың кедергісіз өтуі үшін тазартты. Жауын-шашын басталғанға дейін қауіпті жерлерде ТЖД күштері, «Қазселденқорғау» мамандары, «Барыс» республикалық құтқару қызметі, Құтқару қызметі, ТЖМ №28237 әскери бөлімі, сондай-ақ әкімдіктің мердігер ұйымдары су сору техникасымен алдын ала орналастырылды. Қазіргі уақытта ТЖМ мен ТЖД жедел штабтары жұмыс істеп, ең қауіпті учаскелерде 14 мониторингтік бекет орнатылды. Ведомствоның мәліметінше, оқиғалар тіркелмеген, жағдай бақылауда.
Дереккөз: Inalmaty.kz