«Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Айдос Көбетов Алматы мен Ыстықкөл арасында қысқа жол салу жоспары туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Өткен жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігімен іске асырылатын ірі стратегиялық жобалардың тізімі жасақталған. Соның ішінде Алматы – Ыстықкөл тікелей жолының құрылысы бар.
Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр, одан кейін құжат келісу және сараптамаға жіберіледі.
«Бүгінгі күні Алматыдан Ыстықкөлге дейінгі жол шамамен 400 км құрайды. Бұл өте үлкен қашықтық. Орта есеппен 6-7 сағат жол жүреді. Ыстықкөл көрші мемлекетте орналасқанына қарамастан, оңтүстік Қазақстанның және тек қана емес, сүйікті демалыс орны. Сондықтан сұраныс өте жоғары. Осыған байланысты, дәл осы халыққа, қоғамға бағытталып, осындай халықаралық жол салуды қалайды. Егер бұл жоба қазір іске асса, жол үш есеге жуық қысқарады. Яғни, қазір 400 км болса, тау шатқалдары арқылы өтетін тікелей жол шамамен 100 км болады», – деді Айдос Көбетов.
Оның айтуынша, сараптама қорытындысы бойынша Қазақстан үшін құрылыстың экономикалық тиімділігі анықталады. Ұқсас бағалауды Қырғызстан да жүргізеді. Екі тарап жобаны іске асыруды қолдаса, жол құрылысына конкурс жарияланады.
Дереккөз: Nur.kz