...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыдағы Республика алаңы абаттандырылды: 4,5 га жаңа көрініс

Алматыда Республика алаңының абаттандыру жұмыстары аяқталды. Әкімдік жүргізілген жұмыстардың егжей-тегжейін айтып, жаңартылған кеңістіктің фотосуреттерін көрсетті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Әкімдік Сәтбаев көшесінің бойындағы Байзақов көшесінен Луганский көшесіне дейінгі аумақты кешенді абаттандыру жұмыстары аяқталғанын хабарлады. Жоба тұжырымдамасын британдық LDA Design (Лондон) компаниясы әзірлеген. Жұмыстарды Алматы қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы «фасадтан фасадқа» қағидаты бойынша орындауда.

«Жобаның негізгі мақсаты – жаяу жүргіншілерге басымдық бере отырып, заманауи, қауіпсіз және жайлы қалалық орта құру. Абаттандырылатын Республика алаңы аумағының жалпы көлемі 4,5 га құрайды», – делінген әкімдік хабарламасында.

Республика алаңында қоғамдық кеңістіктердің жабындары толығымен жаңартылып, инженерлік желілер, сыртқы жарықтандыру және автоматты суару жүйесі жаңғыртылды. Әкімдіктің мәліметінше, абаттандыру кезінде пайдалану мерзімі 10 жылдан асатын заманауи берік материалдар қолданылған, бұл «аумақты кейінгі күтіп-ұстау шығындарын едәуір азайтуға» мүмкіндік береді.

Аумақты көгалдандыру жұмыстары кең көлемде жүргізілген: 233 ірі ағаш, 63 мыңнан астам бұта және 17,7 мың көпжылдық өсімдіктер отырғызылып, көгалдар мен беде жамылғысы бар алаңдар жабдықталған. Кешкі уақытта жасыл желектерді сәндік архитектуралық жарықтандыру безендіреді. Сондай-ақ аумаққа 129 заманауи шам орнатылған.

Тұрғындардың жайлы демалысы үшін заманауи балалар ойын алаңдары, серуендеу маршруттары, демалыс аймақтары және екі амфитеатр жабдықталған. Алаңда сонымен қатар веложолдар салынған, олар әкімдіктің айтуынша, бүкіл Сәтбаев көшесі бойында жасалатын бірыңғай велосипед маршрутының бөлігі болады.

Орындықтар, қоқыс жәшіктері, велотұрақтар, үстелдер, креслолар, ландшафтық жиһаз, аркалар және басқа да шағын архитектуралық нысандарды қоса алғанда, 500-ден астам қалалық жиһаз және абаттандыру элементтері орнатылған.

Дереккөз: Nur.kz