Алматы прокуратурасы қала орталығында орналасқан бұрынғы Теміржол апаттар медицинасы госпиталінің жер телімдері мен ғимаратын мемлекет меншігіне қайтаруға қол жеткізді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Прокуратура мәліметінше, 2018 жылы денсаулық сақтау нысаны мен оған іргелес жер телімдері бірқатар дәйекті мәмілелер нәтижесінде жеке меншікке шығарылған. Сауықтыру мақсатындағы жерлер жер және мүлік заңнамасының талаптарын бұза отырып сатылған.
Сот талқылауы барысында мәмілеге қатысушылардың үлестестігі анықталып, мемлекеттік мүлікті бәсекелес ортадан тыс заңсыз иеліктен шығару фактісі дәлелденген.
Алмалы ауданы прокуратурасының талап-арызы бойынша сот мәмілелерді жарамсыз деп таныған. Шешім заңды күшіне еніп, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылған.
Нәтижесінде мемлекет меншігіне жалпы ауданы 0,3 гектар екі жер телімі мен ауданы 1 628 шаршы метр ғимарат қайтарылды. Қайтарылған мүліктің жалпы құны 2 млрд теңгеден асады.
Прокуратура бұған дейін осы мүлікті сатуға байланысты атқарушылық іс жүргізу бойынша сауда-саттықтың күшін жоюға қол жеткізгенін, бұл қосымша сот талқылауларын болдырмауға мүмкіндік бергенін атап өтті.
Дереккөз: Inalmaty.kz