...
... Алматы
USD—
EUR—
RUB—
Алматы жаңалықтары

Алматыда жастар қалдықтарды сұрыптау акциясына қатысты

Алматыда Жетісу ауданының жастары мен тұрғындары қалдықтарды сұрыптауға арналған экологиялық акцияға қатысты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі. Іс-шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында ұйымдастырылып, жастар мен қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Акцияға қатысушылар жиналған тұрмыстық қалдықтарды әкеліп, арнайы контейнерлерге сұрыптап, қайта өңдеуге тапсыру үшін фандоматты пайдаланды. Комьюнити-орталық қызметкерлері қалдықтарды бөлек жинау және оларды одан әрі қайта өңдеудің маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

«Біздің міндетіміз – қалдықтарды сұрыптауды күнделікті өмірдің дағдылы бөлігіне айналдыру. Жастар біржолғы экологиялық акцияларға ғана қатысып қоймай, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың не үшін маңызды екенін түсінгенін қалаймыз. Экохаб ауданның барлық тұрғындары үшін ашық және экологиялық білімді іс жүзінде қолдануға болатын алаңға айналып отыр», – деді «Жетісу-2» комьюнити-орталығының жетекшісі Айбек Берікболұлы.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске асырылып, экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруды басты бағыттардың бірі етіп белгілеген. Мемлекет басшысы тазалық пен табиғатқа ұқыпты қарау біржолғы акция емес, қоғамдық мәдениеттің және әр азаматтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі болуы керектігін бірнеше рет атап өткен.

Алматыда бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде. Қала әкімі Дархан Сатыбалды мегаполисті абаттандыруға, экологиялық инфрақұрылымды дамытуға және таза әрі жайлы қалалық орта құруға бағытталған жастар бастамаларын қолдауға ерекше көңіл бөледі. Осы жұмыстың практикалық құралдарының бірі – жастар комьюнити-орталықтары базасында экологиялық кеңістіктерді дамыту.

Еске салайық, «Жетісу-2» комьюнити-орталығы базасындағы экохаб 2026 жылдың 10 қыркүйегінде ашылып, Алматыдағы үшінші осындай экологиялық кеңістік болды. Мұнда пластик, алюминий, қағаз және басқа да қайта өңделетін материалдарды бөлек жинауға арналған 10 арнайы контейнер орнатылған.

Алматыда жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру жұмысы аясында бұған дейін 15 мыңнан астам адамды қамтыған 110-нан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылған.

Болашақта экохаб алаңында қалдықтарды қайта өңдеу мәдениетін дамытуға және жастарды табиғатты қорғау бастамаларына тартуға бағытталған экологиялық акциялар, білім беру кездесулері мен практикалық іс-шаралар жалғасады.