...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыдағы «Барыс-4» көтерме базарында 1025 заңбұзушылық анықталды

Алматыдағы ірі көтерме базарлардың бірі «Барыс-4»-те кешенді тексеру жүргізілді. Тексеру барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесінің сақталуына, баға қалыптастыруға, баға белгілерінің болуына және өнімсіз делдалдарды анықтауға ерекше назар аударылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Қала әкімдігінің мәліметінше, тексеру кезінде кәсіпкерлермен сауда саласындағы заңнама талаптарын сақтау, баға белгілерін дұрыс ресімдеу және белгіленген сауда үстемесін қолдану мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Рейд қорытындысы бойынша заңбұзушылыққа жол берген кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлығы 1025 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде: 717 хаттама – тауардың теңгемен бағасын көрсетпей сатқаны үшін; 308 хаттама – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15 пайыздық шекті сауда үстемесінен асырғаны үшін.

Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 25 миллион теңгеден асты.

Сонымен қатар, өңірлік комиссия 18 өнімсіз делдалды анықтады.

Бұған дейін жыл басынан бері өңірлік комиссия делдалдық және сауда үстемелерін негізсіз көтеру схемаларын тергеу бойынша 2097 әкімшілік қаулы шығарғаны хабарланған болатын. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 36,5 млн теңгені құрады, тағы 1198 кәсіпкер ескерту алды.

Дереккөз: Inform.kz