Алматыда қарапайым көлігіне қызыл-көк түсті арнайы жарық сигналдарын заңсыз орнатқан жүргізуші анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы қалалық полиция департаментінің Instagram парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, тәртіп сақшылары көлікке рұқсатсыз орнатылған қызыл-көк жарық шамдарын анықтаған. Жүргізуші осылайша өз көлігіне арнайы көлік кейпін бермек болған.
«Заңсыз жарық құрылғылары орнатылған көлік бейнежазбасы әлеуметтік желілерде пайда болды. Медеу ауданының полицейлері жарияланымға жедел ден қойып, тексеру шаралары барысында көліктің орналасқан жерін анықтады. Ол «Медеу» шаңғы базасының тұрағынан табылды», — делінген полиция хабарламасында.
Тексеру кезінде көлік рөлінде 18 жастағы жүргізуші болғаны белгілі болды. Арнайы жарық құрылғыларын заңсыз орнату фактісі құжатпен тіркеліп, жас жігітке қатысты әкімшілік шара қолданылды.
Полиция қазақстандықтарға ескерту жасады: автомобиль — арнайы көлік емес, ал қызыл-көк жыпылықтайтын сигналдар декор элементі болып саналмайды. Мұндай құрылғыларды өз бетінше орнату заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады.
