Алматының Алатау ауданындағы Дархан шағын ауданында екі жер телімінің бір бөлігін мемлекет меншігіне алу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бұл туралы қала әкімдігінің 2026 жылғы 4 қарашадағы қаулысында көрсетілген. Құжат қаланың жер қатынастары басқармасының сайтында жарияланған.
Жер Тлендиева көшесін салу үшін қажет. Жоба аясында қолданыстағы жолды қала шекарасы бағытында ұзарту көзделген.
Құжатқа сәйкес, Қуанышбаев көшесіндегі екі телім алынады. Жол жобасын іске асыру үшін барлығы 54 шаршы метр жер иеліктен шығарылады.
Мемлекет меншігіне алу рәсімін 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жер қатынастары басқармасына меншік иелеріне заңда белгіленген тәртіппен өтемақы төлеуді қамтамасыз ету, ал «Қала жер орталығы» кәсіпорнына жылжымайтын мүлік иелерін хабардар ету тапсырылды.
Түсініктеме алу үшін меншік иелері Алматы қаласы, Төле би көшесі, 155 мекенжайына, алтыншы қабат, 602-кабинетке жүгіне алады.
Бұған дейін қараша айының басында Бостандық ауданында Жароков көшесі бойындағы екі жер телімін Алматының әкімшілік макетін салу үшін алу жоспарланып отырғаны хабарланған болатын. Ал Алатау ауданында Теректы шағын ауданында орналасқан телімнің бір бөлігі Рысқұлов даңғылын Оңғарсынова көшесінен қала шекарасына дейін салу үшін алынады.
