...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыда су тапшылығын шешу үшін жаңа су қабылдау құрылыстары салынуда

Алматы аумағының 40%-ға жуығы қазірдің өзінде ең жоғары жүктеме сағаттарында су тапшылығын сезінуде, ал 2040 жылға қарай мегаполис тұрғындарының саны 3,6 миллион адамға дейін өсуі мүмкін. Бұл мәселені шешу үшін қалада жаңа су қабылдау құрылыстары салынуда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрбақыт Серікбай мәслихаттың кезектен тыс сессиясында 2040 жылға дейінгі сумен жабдықтау және тұрмыстық кәріз жүйелерін дамытудың ұзақ мерзімді жоспарын ұсынды. Оның айтуынша, бүгінде сумен жабдықтау мәселесі Наурызбай ауданы мен Бостандық ауданының бір бөлігінде өткір сезілуде. Себебі — қолданыстағы инфрақұрылымның көп бөлігі өткен ғасырда салынған және қазір өз мүмкіндіктерінің шегінде жұмыс істеуде.

— Егер түбегейлі шаралар қабылданбаса, қуат тапшылығы қайтымсыз болады, — деп атап өтті Нұрбақыт Серікбай.

Жүйеге түсетін жүктемені азайту үшін қала 2040 жылға қарай бір тұрғынның тәуліктік су тұтынуын 271 литрден 240 литрге дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Бұған желілердегі шығындарды азайту, интеллектуалды есептеуіш құрылғыларды енгізу және сумен жабдықтау жүйесін басқару тиімділігін арттыру арқылы қол жеткізу көзделген.

Соңғы бес жылда су құбыры жүйесіне түсетін жүктеме айтарлықтай өсті. 2020 жылы тәуліктік тұтыну шамамен 700 мың текше метрді құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 777 мың текше метрге жетті.

Сонымен қатар желілердің апаттылық деңгейі жоғары болып қалуда. Зақымданудың негізгі себептері — құбырлардың коррозиясы, түйіспелердегі үзілістер және механикалық зақымданулар.

Бүгінде «Алматы Су» МКК балансындағы су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 4125 шақырымды құрайды. Сонымен қатар, қалада балансқа қабылдануы тиіс 147,2 шақырым иесіз желілер, сондай-ақ 2112,5 шақырым жеке су құбырлары бар.

Алматының сумен жабдықталуы жер үсті және жер асты көздерімен қамтамасыз етіледі. Жер үсті көздеріне Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Қарғалы және Ақсай өзендері, ал жер асты көздеріне Талғар, Кіші Алматы және Алматы жер асты сулары кен орындары, сондай-ақ «Каменское плато» учаскесі жатады. Сонымен қатар, қала ауыз суының шамамен 68%-ын дәл жер асты көздерінен алады.

Қаланың батыс бөлігіндегі су тапшылығын жою үшін бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Наурызбай ауданында екі сүзгі станциясының құрылысы жүргізілуде. Тәулігіне 22 мың текше метр қуаттылығы бар «Ақсай» су қабылдау құрылысы техникалық режимде жұмыс істеп тұр.

Жыл соңына дейін тәулігіне 15 мың текше метр су қуаттылығы бар «Қарғалы» станциясының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар, Ақжар шағын ауданында жаңа су құбыры желілері салынды.

Бостандық ауданында тәулігіне 9 мың текше метр өнімділігі бар «Нұрлытау» станциясының құрылысы жалғасуда. Магистральдық желілер төселген, ал объектінің құрылысын аяқтау биылғы қараша айына жоспарланған.

Алдағы жылдары қала жер асты көздерін пайдалануды ұлғайтуды көздеп отыр. Тәулігіне жалпы қуаттылығы 43,2 мың текше метр су болатын «Сайран» және «Барлық» жаңа су қабылдау шоғырларын салу жоспарлануда, олар Наурызбай және Алатау аудандарын сумен қамтамасыз етеді.

Сонымен бірге Алматы және Талғар кен орындарының қолданыстағы су қабылдау құрылыстарын кеңейту көзделген, бұл тәулігіне қосымша 200 мың текше метрден астам су береді.

Сонымен қатар, Талғар су құбырының үш желісін ЖЭО-1 және ЖЭО-2-ге дейін реконструкциялау, сондай-ақ Наурызбай ауданының сумен жабдықталуын жақсарту үшін тіреу құрылыстарын салу жоспарлануда. Осы жоба бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленген.

2040 жылға дейін билік су құбыры инфрақұрылымын салу және реконструкциялаудың ауқымды бағдарламасын жүзеге асыруды көздеп отыр. Барлығы 2450 шақырым су құбыры желілерін салу және жаңғырту жоспарланған.

Дереккөз: Inform.kz