Алматыда Ақсай өзенінің арнасы бойындағы гидрологиялық жағдайға үздіксіз мониторинг жүргізілуде, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
1 шілдеден бастап жағдайды Алматы қалалық ТЖД, Құтқару қызметі, «Қазселденқорғау» ММ, «Барыс» республикалық құтқару жасағы және Наурызбай ауданы әкімдігінің қызметкерлері бақылап отыр. Қазіргі уақытта жағдай бақылауда. Барлық тартылған қызметтердің іс-қимылын үйлестіретін жедел штаб жұмысын жалғастыруда.
— 1 шілдеде тау беткейлерінен су ағынының артуы салдарынан бау-бақша серіктестіктерінің біріне кіреберіс жолдың учаскесі зақымданып, электр желісінің бағанасы құлады. Төтенше қызмет қызметкерлерінің үйлесімді әрекеті мен инженерлік техниканы тартудың арқасында жол төсемі қалпына келтіріліп, қауіпсіз жүріп-өтуді қамтамасыз ету бойынша қажетті жұмыстар жүргізілді, — деп хабарлады қалалық ТЖД.
Гидрологиялық жағдайдың мониторингі тәулік бойы жалғасуда. Барлық қызметтер жағдай өзгерген жағдайда жедел әрекет етуге дайын.
Еске салайық, 2 шілдеде сағат 06:50 шамасында Қарасай ауданының Жаңатұрмыс ауылында «Ақсай карьері» ЖШС аумағында Ақсай өзенінің жағасының шайылуы салдарынан карьердің солтүстік-батыс бөлігінде топырақ ығысуы болды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тоғыз жеке үйдің тұрғындарын уақытша көшіру басталды.
Дереккөз: Inform.kz