«Алматы жылу желілері» ЖШС заңды тұлғалардың жылумен жабдықтау және ыстық сумен қамту қызметтері үшін берешегін өндіріп алу жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
2026 жылдың басынан бері дебиторлық берешекті өндіріп алу бөлімі қарыздар кәсіпорындарға қатысты 1274 материалды қарады. Оның 602 атқарушылық ісі қазірдің өзінде сот орындаушыларына мәжбүрлеп орындауға берілді. Қалған материалдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңды күшіне ену сатысында тұр.
Қарызкерлерге қатысты мәжбүрлеп орындау шараларының кешені қолданылады. Атап айтқанда, банктік шоттарға тыйым салынады, «Е-нотариат» жүйесі арқылы нотариаттық әрекеттерді жүргізу шектеледі, сондай-ақ мүлікке тыйым салынады. Сонымен қатар, берешек сомасы 40 АЕК-тен асатын 378 атқарушылық іс бойынша ҚР-дан шығуға уақытша шектеулер енгізілді.
Қабылданып жатқан шаралар нәтиже беруде. Атқарушылық іс жүргізу сатысындағы 602 кәсіпорынның 283-і берешегін толық өтеді.
«Алматы жылу желілері» ЖШС-де мәжбүрлеу шаралары ұзақ уақыт бойы қызмет ақысын төлеуден жалтарған тұтынушыларға ғана қолданылатынын атап өтті. Материалдарды өндіріп алуға бергенге дейін кәсіпорын хабарлау және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, берешекті ерікті түрде өтеу мүмкіндігін береді.
Берешегі бар тұтынушыларға қосымша шығындардан, шектеулерден және заңнамада көзделген өзге де шаралардан аулақ болу үшін уақытылы төлем жасау ұсынылады.
Дереккөз: Almaty.tv