Алматыда 400 орындық жаңа студенттік жатақхана салынады. Жобаны іске асыруға «Almaty Business – 2025» бағдарламасы аясында 500 млн теңге бөлінді, бұл қаражат жылдық 6% мөлшерлемемен жеті жыл мерзімге беріледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жоба Алматының білім беру инфрақұрылымын дамытуға, студенттер үшін заманауи және жайлы тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ студенттік жатақханалардағы орын тапшылығын азайтуға бағытталған.
Жаңа жатақхананың жалпы ауданы 3 537,2 шаршы метрді құрап, 400 орынға есептелген. Ғимарат төрт қабаттан және жертөле деңгейінен тұрады. Мұнда Алматының жоғары оқу орындарының студенттері тұра алады.
Жобаның жалпы құны 750 млн теңгені құрайды. Бір студент үшін тұру құны айына 45 мың теңгені құрайды деп жоспарлануда.
«Жаңа жатақхананың құрылысы студенттерді заманауи және жайлы тұру жағдайымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ қаланың қолданыстағы инфрақұрылымына жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Құрылысты 2026 жылдың қараша айында аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар, жобаны іске асыру 11 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті «Almaty Finance» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Эмиль Оспанов.
Дереккөз: Almaty.tv