...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыда жаңартылған Республика алаңы ашылды: 4,5 гектар жасыл желек және заманауи инфрақұрылым

Алматыда Республика алаңын кешенді көркейту жұмыстары аяқталды. Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қоғамдық кеңістік жаңа жаяу жүргіншілер аймағы, заманауи жарықтандыру, субұрқақтар, демалыс аймақтары, балалар алаңдары және көгалдандырумен жаңартылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Жұмыс нәтижелерімен қала әкімі Дархан Сатыбалды танысып, оған Сатпаев көшесінің бойындағы Байзақов көшесінен Луганский көшесіне дейінгі аумақты кешенді көркейту жобасының барысы да ұсынылды. Жаңарту тұжырымдамасын британдық LDA Design компаниясы әзірлеп, жұмыстар «фасадтан фасадқа» принципі бойынша жүргізілді. Көркейтілген аумақтың жалпы ауданы 4,5 гектарды құрады.

Қайта құру барысында қоғамдық кеңістіктердің жабыны толық жаңартылып, инженерлік желілер, сыртқы жарықтандыру және автоматты суару жүйесі жаңғыртылды. Әрлеу үшін есептік қызмет мерзімі он жылдан асатын заманауи материалдар пайдаланылды. Көгалдандыруға ерекше көңіл бөлініп, алаңға 233 ірі көлемді ағаш, 63 мыңнан астам бұта және 17,7 мың көпжылдық өсімдік отырғызылып, көгалдар мен беде жабыны бар учаскелер жабдықталды. Кешкі уақытта жасыл аймақтар сәулеттік жарықтандырумен жарықтандырылып, қауіпсіздікті 129 жаңа шам қамтамасыз етеді.

Тұрғындар үшін заманауи қоғамдық кеңістіктер жасалды: балалар ойын алаңдары, серуендеу маршруттары, демалыс аймақтары, екі амфитеатр және Сатпаев көшесінің бойындағы бірыңғай велосипед маршрутының бөлігі болатын веложолдар пайда болды. Сондай-ақ аумақта 500-ден астам қала жиһазы элементтері, оның ішінде орындықтар, қоқыс жәшіктері, велотұрақтар, үстелдер, креслолар, аркалар және басқа да шағын сәулеттік формалар орнатылды.

Жаңартылған алаңның басты ерекшеліктерінің бірі – сегіз сәндік су айдыны. Сонымен қатар мамандар қолданыстағы субұрқақтарды толық қалпына келтіріп, жаңа заманауи субұрқақ кешендерін салды.

Жоба аясында көлік және жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы да жақсартылды. Сатпаев көшесінде жаңа қоғамдық көлік аялдамасы пайда болып, қосымша бағдаршамдар, реттелетін жаяу жүргіншілер өткелдері жабдықталып, аз қозғалатын азаматтар үшін кедергісіз орта жасалды.

Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін Сатпаев көшесінің бойында бірыңғай заманауи қоғамдық кеңістік қалыптасады, ал жаңартылған Республика алаңы серуендеу, демалу, спортпен шұғылдану және қалалық іс-шараларды өткізуге арналған басты орындардың бірі мәртебесін сақтайды.

Дереккөз: Inalmaty.kz