Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдындағы алаңда «Біз, біртұтас Қазақстан халқы..!» атты ауқымды концерт өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Іс-шара жаңа Конституцияның күшіне ену күніне арналды. Оны қала әкімдігі қолдады. Мақсаты – бірлік пен қоғамдық келісім құндылықтарын насихаттау, Конституцияның маңызын кеңінен таныту және тұрғындар мен қонақтарға жақсы көңіл-күй сыйлау.
Ашық аспан астындағы концертте «Абырой», «КешYOU», Айдана Меденова, Ziruza, «Алашұлы», Ерке, Raim, Садраддин және басқа да танымал әртістер өнер көрсетті. Олар патриоттық әндер мен хиттерін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әртістер жиналғандарды Конституция күнімен құттықтап, Қазақстанға бейбітшілік пен тұрақтылық тіледі.
Шара барысында Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Дидар Ділдәбек, Алматы қаласы Жастар қозғалыстарының жетекшісі Ермұхаммед Палмағанбетов, «G35» студенттік өзін-өзі басқару ұйымының өкілі Мәриям Дуанбек және «Алашұлы» тобының солисті Мақсат Рахмет сөз сөйледі. Олар Қазақстан халқының бірлігі, қоғамдық келісім мен өзара құрмет мемлекеттің тұрақты дамуының негізі екенін атап өтті. Сондай-ақ Конституция – елдің басты құжаты, ол құқықтық негіздерді айқындап, әр азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретіні және мемлекеттің тұрақты дамуы мен демократиялық принциптерінің берік тірегі қызметін атқаратыны айтылды.
Концерт соңында мыңдаған алматылықтар мен қала қонақтары сүйікті әртістерімен бірге танымал әндерді орындап, шынайы жылы атмосфераға бөленді. «Біз, біртұтас Қазақстан халқы..!» концерті Конституцияның ел өміріндегі ерекше рөлін көрсетіп, тұрғындарды ортақ мақсаттар мен ұлттық құндылықтар төңірегінде біріктірді.
Дереккөз: Almaty.tv