Алматыда тауға шыққан жігіт пен қыз байланысқа шықпай қалды. Оларды іздеуге құтқарушылар жұмылдырылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Өткен түні құтқарушыларға екі адамның жоғалғаны туралы сигнал келіп түскен. Бір әйелдің айтуынша, оның қызы мен бір жігіт Фурманов шыңына Кимасар шатқалы арқылы аттанған. Туыстары олармен соңғы рет күндіз сөйлескен, одан кейін байланыс пен геолокация үзілген.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, іздеуге «Барыс» республикалық құтқару қызметінің жедел тобы шыққан. «Әткеншек» деген жерге жетіп, құтқарушылар шыңға қарай көтеріле бастаған.
«Іздеу-құтқару операциясы барысында туристер Фурманов шыңының астынан табылды. Олар шатырда болған. Заттарын жинаған соң, құтқарушылар оларды Кимасар шатқалымен төмен түсіріп шықты», — деп түсіндірді құтқарушылар.
Жігіт пен қызды қалаға аман-есен жеткізген. Оларға медициналық көмек қажет болмаған.
Дереккөз: Nur.kz