Алматыда жаңа заманауи қоғамдық кеңістік – FlowPark салынып жатыр. Қала әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жоба белсенді демалыс, серуендеу және отбасылық уақыт өткізуге арналған. Жасыл аймақ Әл-Фараби мен Дулати даңғылдарының қиылысында орналасады. Жалпы ауданы 6 гектардан асады, оның үлкен бөлігін көгалдандыру алаңдары алады. Мұнда 700-ден астам ағаш, 18 мың бұта және 90 мыңнан астам гүл отырғызылады. Паркта әртүрлі спорт алаңдары, памп-тректер, скейт-зона және басқа да нысандар қарастырылған.
«Мұндай саябақтардың пайда болғанына қуаныштымыз. Қаламызда осындай кеңістіктер көбейе берсін. Қазір каникул, балалар көп – олар риза болып серуендеп, ойнап жүр. Фонтандар, скейт-зона бар. Қонақтарға да ұнайды, уақыттарын рахаттанып өткізеді», – деді алматылық Мирас Козлясов.
Дереккөз: Almaty.tv